🏆 Қостанайдағы NIS оқушылары Қазақ ұлттық университеті ұйымдастыруымен өткен «Жас Әл-Фараби» мектеп оқушыларының республикалық ғылыми-зерттеу жұмыстарының конференциясында жүлделі орындарға ие болды.

Жас ғалымдар бақ сынасатын бұл ғылыми-зерттеу жұмысындағы Нұрай Ержан мен Нұрдәулет Игеновтың қорғаған жұмысы қосымша көмекті қажет ететін, уақытты тиімді пайдаланғысы келетін жандар үшін қазақ тіліндегі аудиокітаптарды дыбыстайтын жасанды интеллект жасап шығару жайлы болды.

«Оқушылар осы тақырып бойынша жан-жақты ізденіп, Назарбаев Университетіндегі кездесулерге қатысқан, қазақ тіліндегі аудиокітаптар нарығын толық зерттеген. Зерттеудің тиімділгі – қағаз кітапты оқуға кететін уақытты біршама үнемдеу. Оқушылар аудиокітаптар сайтын жасап шығарды, онда жиырмаға тарта шығармалар дыбысталған. Осы жұмыспен аталған конференцияда 1 орынға ие болды», – дейді ғылыми жетекшсі Салтанат Кабденова.

Тоқыма бұйымдарының шикізаты ретінде пайдаланылатын жүн түрлерінің жылуөткізгіштік қасиеттерін анықтауға бағытталған ғылыми жұмыспен Дария Арсаева жүлделі 1 орынға ие болды.

«Оқушы бұл тақырыпты теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеп, бірнеше тәжірибелер жүргізе білді. Зерттеу барысында қой, түйе, ит және т.б жүн түрлерінің жылуөткізгіштік коэффициенттері бағаланып салыстырылды және мәндері анықталды. Зерттеу нәтижелерін ескере отырып, жас зерттеуші кішкентай балалардың бөтелкесіне арналған термочехол жасап, оның пайдаланылуы бойынша тиімді ұсыныстар жасады», – деп атап өтті ғылыми жетекшісі Гульнар Жармухамбетова.

 

Жансерік Қалиола – 11 сынып оқушысы, география пәнін 11 сыныпта таңдады. Ғылыми жұмысы «Фосфогипс мелиорантының Қостанай облысының егіншілігін дамытудағы рөлі қандай?» тақырыбына арналды және осы сайыста 2 орынға ие болды.

«География, тарих және экономика пәндерінен олимпиадаға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Дебат сайысының республикалық, облыстық жеңімпаздары. Мектептің қоғамдық жұмыстарының белсенді оқушысы», – дейді ғылыми жетекшісі Ербулат Сайпилов.

10-сынып оқушысы Таир Мурзагалиевтың «Ортаның кедергі күшінің дененің жылдамдығы мен пішініне тәуелділігін зерттеу» тақырыбын екі жыл бойы зерттеп келді және осы жұмысы бойынша 3 орынға ие болды.

«Таир көптеген техникалық әдебиеттерді саралап, мектеп бағдарламасынан тыс аэродинамика бөлімін зерттеді. Практикалық бөлімде оқушы сезімтал таразы көмегімен ортаның кедергі күшінің мәнін эксперименталды анықтады, анемометр көмегімен ауа ағынының жылдамдығын өлшеген. Қорытынды бөлімінде оқушы автомобиль корпусына әрекет ететін ортаның кедергі күшін азайту жолдарын ұсынады», – дейді ғылыми жетекшісі Гульмира Кафизова.

Дияр Қарлыбай мен Дана Оспанованың ғылыми жұмысы Қостанай облысының ең маңызды су көзі болып табылатын Тобыл өзені су сапасының қазіргі таңдағы жағдайын зерттеу, пайда болған және болашақта пайда болатын мәселерді анықтау болатын. Осы жұмыспен 3 орынға ие болды.

«Тобыл өзенінен алынған судың сапасын мектеп зертханасында зерттеді және «Казгидромет» гидрометеорологиялық қызмет зертханасына барып, мамандармен сұхбат жүргізді, су сапасын заманауи құралдардың көмегімен зерттеді. Сондай-ақ Дияр мен Дана жыл сайын өткізілетін еріктілерден құралған Тобыл өзені жағалауын таза ұстау мақсатында өткізілетін экоакцияның қатысушылары болып табылады», – деп бөлісті ғылыми жетекшісі Муратхан Мурзаханов.