Қостанайдағы NIS-тің оқушылары әдеби сайыс төрінде

 

Ақиық ақын, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев туған күніне орай Оралдағы NIS тарабы 8-9 сынып оқушылары арасында «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» тақырыбында сайыс ұйымдастырды.

 

Сайысқа барлығы 16 команда қатысып, бас жүлдені Қостанайдағы NIS-тің оқушылары иемденді.

 

– Төрт кезеңнен тұрған сайысқа оқушыларымның аса бір жауапкершілікпен қатысып, өздеріне жүктелген міндетті сезініп, дайындалғанын байқадым. Өздерінің білімін, ақын шығармашылығын қаншалықты білетіндерін осы сайыста көрсетті. Мұқағали ақынның өмірі мен шығармашылығын қаншалықты білетіндері, көңілге қалай тоқитындары осы кезде белгілі болды. Сайыстың бірінші кезеңінде топ жарып алға шыққаннан-ақ іштей олардың оза шауып, бәйге алатынын сезіп отырдым, бірақ «қалай болар екен, соңы не болар екен?» деген іштей қобалжудың болғаны да рас. Тақымымды қысып, іштей жанкүйер боп отырдым. Оқушыларымның бас жүлдені жеңіп алғандағы көңіл күйімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Топжарғыштарыма алғыстан басқа айтарым жоқ – дейді қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі – Салтанат Қабденова.

 

9 А сынып оқушысы Арсаева Дария, 9 В сынып оқушылары – Дәулет Айсана, Исламхан Шахерезадаға алда әлі талай сайыстарға қатысып, өз білімдерін көрсететініне сенімдіміз. Толағай табыстар мен алар асулар әлі алда!