Қазақ тілі әдістемелік бірлестігі

«Қазақ тілі – сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан жүйеңді жандырып,
құлақ құрышын қандыратын, өткірлігімен қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп,
адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тіл»
Б.Момышұлы

Оқушылардың тілдік дағдыларын дамыту арқылы қазақ тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің негізгі мақсаттарының бірі болып табылады. Әдістемелік бірлестік құрамында тоғыз мұғалім қызмет етуде. Тәжірибелі әрі шығармашыл мұғалімдер шәкірттерінің «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» болуына бар күшін салуда.

Оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге және сын тұрғысынан ойлауға дағдыландыру үшін қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері көп ізденіп, әріптестерімен бірлесе отырып, оңтайлы әрі тиімді шешу жолдарын анықтауды мақсат етеді. Осы орайда бірлестік мұғалімдері сапалы білім беруді көздеп, жеке зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Мұғалімдердің іс-әрекеттегі зерттеу тақырыптары өздерінің сабақ ұйымдастыру тәжірибесін жақсартуға, оқушылардың жеке басының қажеттіліктерін ескере отырып, белсенділіктерін арттыруға бағытталған.

Зияткер оқушыларымыз, күнделікті-тұрмыстық, көркем әдеби, оқу, әлеуметтік-мәдени, ресми тақырыптар бойынша ақпараттармен танысады, осы тақырыптар бойынша әңгімелесіп, ой бөлісуге үйренеді. Берілген білімді ынтамен игеріп, мәтінді тыңдау, оны түсіну, сөйлеу, оқу мен жазу дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады. Қазақша сөйлеуге, қазақша оқу мен сауатты жазуға үйрету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін күнделікті-тұрмыстық, көркем әдеби, оқу, әлеуметтік-мәдени, ресми сипаттағы мәтіндер, диалогтер мен тапсырмалар ұсынылады.

Бірлестік мұғалімдері сыныптан тыс жұмыстың да берер мүмкіндіктері мол екенін түсініп, бұл ортаны назардан тыс қалдырмайды. Оқушыларды үйірмелерге қатыстырып, еліміздің сан ғасырлар бойы сақталып келе жатқан мәдениеті, әдебиеті, тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру жұмысы қолға алынған. «Википедия», телестудия үйірмелері және «Зияткер» клубы оқушылардың танымдық қабілеттерін арттырып қана қоймай, шығармашыл, өжет, көшбасшы қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен алған білімді өмірде еркін қолданып, күнделікті тұрмыста, отбасында, мектепте, әлеуметтік ортада, ұлттық мерекелерде қазақша сөйлеп, мемлекеттік тіліміздің мерейін өсіруге үлес қосады деп сенеміз! Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері оқу арқылы оқушылардың танымдық дағдыларын арттыра отырып, білім әлеміне жол ашуды басты міндет деп біледі. Сондықтан, шәкірттеріміз Қазақстан Республикасының білімді де өнегелі азаматы болады деп кәміл сенеміз!

Исина Асем Балгабаевна

әдістемелік бірлестік жетекшісі

Саулебаева Асия Едиресовна

Кабденова Салтанат Калижановна

Кәріғұл Баян Қайырханқызы

Козганбаева Ментай Толеухановна

Шамганова Жансая Мерекеқызы

Мурзахметова Айгуль Муратовна