«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында 32 кабинет жабдықталған.

 

Қостанай облысының Сарыкөл ауылындағы № 1 Урицкий жалпы білім беретін мектебі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында жабдықталған үшінші ауылдық тірек мектеп.

 

Мектеп интерактивті жабдықтармен, заманауи жиһаздармен, оқу-әдістемелік жиынтықтармен, 32 оқу кабинетімен, шеберханамен жабдықталды, сондай-ақ ойын алаңдары орнатылды. FabLab, арт-студия, телестудия сияқты қосымша білім беру кабинеттері ашылды.

 

9 сынып оқушысы Владислав Кашиннің айтуынша, осы жағдай оқушыларға жаңа тәжірибелік білім алуға көмектеседі. Владислав IQanat республикалық олимпиадасының II турының жеңімпазы және биология пәні бойынша жүлдегері болған.

 

«Жақында мектебіміз жаңаланды, жаңа үйірмелер, зертхана ашылып жатыр. Менің ойымша, соның арқасында тәжірибе жинақтап, оны болашақта оқуда және олимпиадаларда қолдана аламыз», – дейді оқушы.

 

Материалдық базаны жаңарту үшін «Қазақстан халқына» қоры 249 825 000 теңге көлемінде қаражат бөлді. Сондай-ақ демеушілер қатарында «Қазақстан халқына» қорына қаражатын жіберген «Beeline Қазақстан» компаниясы бар.

 

«Біздің жоба ауыл балаларының қаладағы құрдастарымен тең жағдай жасауына, балалардың сапалы білім алуына қол жеткізуге бағытталған. Сол мақсатпен Қостанай облысындағы алғашқы мектепті қолға алдық. Бүгінгі таңда мектептің материалдық базасын жаңарту түріндегі жобаның алғашқы нәтижелерін көріп отырмыз. Бірақ білім берудің мазмұны, сапасы мен оқыту технологиялары бойынша әлі де көп жұмыс күтіп тұр. Бұл жерде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ серіктесіміздің қолдауы ғана емес, сонымен қатар мектеп мұғалімдері ұжымының өзгеруге және дамуға дайындығы маңызды. Сондықтан біраз уақыттан кейін осы мектептің білім сапасына баға береміз деп ойлаймын»,- дейді «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының директоры Данияр Тоқтарбаев.

 

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов өңірлердегі тірек мектептерді жабдықтау бойынша жүзеге асырылып жатқан бастаманың маңыздылығы мен облыста ауыл мектептерін қолдауға ерекше көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.

 

Бүгінгі таңда «Қазақстан халқына» қорының серіктестері – «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ мектептегі білім беру ортасы мен оқыту сапасын талдау бойынша жұмыстардын аяқтады. Осы талдау нәтижелері негізінде мектепті тірек ретінде дамыту бойынша ұсыныстар қалыптастырылады, сондай-ақ мұғалімдерге қажетті біліктілікті арттыру курстары айқындалады.

 

«Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың бастамасымен негізгі ауыл мектептерін дамыту бойынша «Қайырымдылық» жобасының арқасында Қазақстандағы 17 мектеп материалды жаңарту мүмкіндігіне ие болды. Техникалық базасын жаңартып қана қоймай, мұғалімдерге әдістемелік көмек берілді. Осы тұрғыда Қазақстандағы білімге жаңаша леппен, түптеп келгенде, біздің оқушыларымыздың білім сапасын арттыруға мүмкіндік алды,- дейді Қостанай қаласындағы NIS директоры Гульнара Дусказиева.

 

Биылғы жылдың қазан айында Урицк мектебінің ұстаздары қостанайдағы NIS базасында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселелері бойынша оқыту курстарынан өтті. Сондай-ақ, Зияткерлік мектебінің базасында тірек ауыл мектептерінің ұстаздарына тағылымдамадан өту жоспарлы түрде жүргізілуде.