«Отбасы – елдің тірегі»

Отбасы – мемлекеттің негізгі буыны. Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата – ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата – анаға үлкенге қызмет етіп, әкеңнің еңбегін, анаңның ақ сүтін өтеу – біздің борышымыз.

Осы сөздерге сүйене отырып, біздің жатақханамызда қараша – желтоқсан айлар аралығында «Отбасы – елдің тірегі» атты сайысымыздың 1 және 2 сырттай кезеңдері өтті. Бұл сайысқа Алтыбаевтар, Гутовтар, Жанбалтиндар және Қуанышпаевтар отбасылары қатысты.

1 – кезеңде әр отбасы өздерін презентация, фотоальбом, видеобейне арқылы таныстырулары керек болды.

2 – кезеңде қолдан жасалған бұйымдарын ұсыну болды. Әр отбасы бұл кезеңдерден сүрінбей өтті.

Ал, 3 – кезеңі 15 наурызда бірыңғай тәрбие сағат аясында өтті. Бұл кезеңде әр отбасы өздерінің өнерлерін көрсетті. Отбасылардың өнерін әділ – қазылар бағалады. Әділ – қазылар шешімі бойынша Гран – при жүлдесіне Алтыбаевтар отбасы ие болды. Қалған орындарды үш отбасы бөліп алды. Әр отбасы марапаттау қағаздарымен және жатақхана үйірмелерінде оқушылардың қолымен жасалған бұйымдарымен марапатталды. Бұл бірыңғай тәрбие сағатына ата – аналар шақырылды. Сонымен қатар “100 кітап” жобасы бойынша өз үлесін қосып, кешіміздің көркін келтірген мектеп кітапханашысын атап кеткіміз келеді. Кеш әсерлі өтіп, қатысушылар мен көрермендердің көңілінен шықты.