Түрік еліне саяхат

Тарих – туған жерден басталады, сондықтан әр тұрғын өзі тұрған қаласының, елді мекенінің жері мен азаматтарының тарихы туралы білгені жөн. Сол мақсатпен тәрбиешілер Исмаилова Ләззат Сарықызы мен Кабажаева Арайлым Нұрланқызы бастап, Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары «Достық үйі» ұлттық мәдени орталығына Түрік халықтарының күніне дайындаған мерекелік салтанатқа арнайы барып қайтты. Экскурсияның мақсаты: оқушыларды Түрік елінің мәдениетімен, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен, тіл үйірер асханасымен таныстыру. Басқа ұлт өкілдерімен жақсы қарым-қатынас жасауға, сыйлауға тәрбиелеу.

Есік алдынан бізді жақсы шыраймен түрік елінің дәстүрлі киімдерін  киген ұл-қыздар қарсы алды. Алдымен оқушылар Достық үйімен танысып шықты, одан соң концерт басталды. Мерекелік іс-шараны мың бұралған бишілер түрік биімен ашты. Қостанай қаласының этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Расим Абилов құттықтау сөз сөйледі.  Түрік тіліндегі әндер құлаққа өте жағымды, билері адамның денесін бір серпінтіп тастайды. Жас та, кәрі де орындарынан тұрып, билеп, қосыла ән шырқады.Сонымен қатар мерекеге байланысты «Гювеч» деп аталатын аспаздық сайыс ұйымдастырылған. «Гювеч» сөзі керамикалық құмыра деген мағына береді. Сайыс қорытындысы бойынша 10 жасар Медина Абилова теңіз өнімдерінен жасаған тағамы жүлделі орынды иеленді.Барлығы түрлі сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара аяқталған соң барлығымызды мерекеге арнап жайылған дастарханнан ауыз тиюге шақырды. Дастарханда  түрік тәттілері мен құмырада піскен тағамдар болды. Әсіресе, балаларға кадаиф, пахлава, симит деп аталатын тәттілері қатты ұнаған сияқты. Осылайша оқушылар мен жатақхана қызметкерлері Түрік еліне барып келгендей күй кешті.