РУХАНИ КЕЗДЕСУ

РУХАНИ КЕЗДЕСУ
Бүгін Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Қостанай облысы Меценаттар клубының “Шабыт” сыйлығының иегері, театр және кино актері Әлімхан Мырзаханұлымен кездесу өтті.
Мырзаxан Әлімxан Мырзаxанұлы 1980 жылы 1-қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келді. 1997 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына “театр және кино актёры” мамандығына оқуға түсті. Тұңғышбай Жаманқұлов, Әшірбек Сығай, Гүлжан Әспетова ұстаздарынан тәлім алды.
Әлімxан Мырзаxанұлы халық арасында Азамат Сатыбалдының «Бір сен үшін…» Отандық көркем фильмінде дәрігердің рөлімен танымал. Ол І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры ашылған сәттен бері, оқуды бітіріп Қостанайға жолдамамен келгеннен бері, дәлірек тоқталсақ, 2001-ші жылдан бастап еңбек етуде. Осы кезге дейін 60-қа жуық спектакльде ойнаған актер өзіне драма, трагедия жанрының жақын екенін айтады.
Кездесу «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай облысымызда айтулы тұлғаларымен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен өткізілетін «Ақылды бейсенбі» жобасының аясында ұйымдастырылды.
Көпшіліктің ыстық ықылас, қол шапалақтауымен кітапхананың төріне шыққан Әлімхан Мырзаханұлы мектеп ұжымына ризашылығын білдірді. Кездесу барысында қонақ иесі оқушылар мен қонақтарға өз өмірінің қызықты сәттерін әңгімелеп берді, өнер туралы ішкі толғаныстарымен бөлісіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру туралы айтты.
Әртіске мектеп оқушылары өздерінің сауалдарын қойды. Екі ара сұрақ -жауапқа ұласты. Оқушыларды әртістің өнер жолына келуі, танымалдылығы мен шығармашылығы қызықтырды. Әртіс болсам деген балалар да бар болды. Театр-кино әртісі оларға ақыл-кеңесін берді.
– Сізді қазақ театр және кино өнерінің жұлдызы деп мақтанышпен айта аламыз. Қостанай жұртшылығының сізге деген ықыласы бөлек. Өнердегі баспалдақтарыңыз, өмірлік тәжірибеңіз өскелең ұрпақ үшін, кейінгі жас буын үшін аса қажет. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы зор деп есептеймін. Қазақ өнеріне қызмет ете беріңіз. Шығармашылық табыстар тілейміз! – деді қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Баян Кәріғұл.
Мұнан соң оқушылардың өз қолдарымен жасаған сыйлығын табыстап, сый-сияпат көрсетілді.
Кездесу соңында мектеп ұжымымен емін-еркін тілдесіп, қолтаңба алып, естелік суретке түсті.
Бүгінгі кездесу жас ұрпаққа рухани азық берсе, ол бүгінгі кездесудің мақсатқа жеткені.