Үміткерлерге

Жиі қойылатын сұрақтар:

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарына конкурстық іріктеу туралы ата-аналарға арналған ақпарат

Жалпы ақпарат

Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарына оқушыларды конкурстық іріктеу жүйесі 2013 жылы Cito Педагогикалық өлшеулер институты (Нидерланды) мен Джонс Хопкинс университетінің Дарынды жастар орталығы (СTY), АҚШ стратегиялық серіктестерімен бірлесіп жасалды.

Бұл жүйенің ерекшелігі оқушылардың жаратылыстану-математикалық бағыттағы  пәндерді меңгеру қабілеттерін анықтауға, атап айтқанда: 

  • NIS-Programme мазмұнын тиімді меңгеруге;
  • кең ауқымды дағдыларды дамытуға және мектепте оқу барысында жетістікке жетуге;
  • академиялық білім беру салаларындағы қолданбалы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Конкурстық іріктеу тесті қалай өткізіледі?

Конкурстық іріктеу 2 тестен тұрады: жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді зерделеу қабілеттерін бағалау бойынша тест және тілдік тест.

Қабілеттілікті бағалау тесті «Математика» және «Сандық сипаттамалар» бөлімдерінен тұрады. Тест тапсырмаларының саны – 100, орындауға берілетін уақыт – 90 минут. Қабілеттілікті бағалауға арналған тест тапсырмалары функционалдық және математикалық сауаттылықты бағалауға, сандар арасындағы өзара байланысты көру қабілетін анықтауға және оларға математикалық және логикалық ойлау негізінде сүйенуге, сурет, кесте, диаграммалар түріндегі деректерге түсінік беру дағдыларына негізделген.

Тілдік тест «Қазақ тілі», «Орыс тілі» және «Ағылшын тілі» бөлімдерінен тұрады. Тест тапсырмаларының саны – 60, орындауға берілетін уақыт – 120 минут. Тілдік тест тапсырмалары мәтін және графикалық материалдармен жұмыс істеу қабілетіне, яғни мәтін мен оның түсіндірілуінен негізгі ақпаратты анықтау үшін оқу сауаттылығы дағдыларын меңгеруге бағытталған.

Үміткерлерге тест орындау бойынша бейненұсқаулық жүргізіледі, сондай-ақ нұсқама мәтіні емтихан материалдарында да беріледі. Тестілеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында мүдделі тұлғалар үшін тестілеу барысы онлайн-көрсетілім арқылы көрсетіледі. Тестілеу күндерінде онлайн-көрсетілім сілтемесі мектеп сайтында жарияланады әрі мектептің сыртқы аумағында ілінеді.

Нәтиже неге 40 күннен кейін белгілі болады?

Үміткердің жинаған балл саны тестілеу тапсырғаннан кейін 40 күн өткен соң сайтта жарияланады. Бұл ұзақ мерзім тестілеу нәтижелерін Нидерландыда орналасқан Cito Педагогикалық өлшеулер орталығында өңдеумен байланысты. Үміткерлердің тестілеу нәтижелерін өңдеу әр тапсырманың күрделілік деңгейін анықтайтын және әрбір тест бөлімі бойынша қорытынды балдардың үлесін есептейтін автоматтандырылған статистикалық және психометрикалық талдау негізінде жүзеге асырылады. Аталған тәсіл нәтижелерді объективті және сенімді бағалауды қамтамасыз етеді, апелляцияны қажет етпейді.

Грант қалай тағайындалады?

14.03.2009 ж. №317 ҚР ҮҚ 10-бабына (23.07.2018ж. өзгерістер негізінде) сәйкес нақты мектепке оқыту тілі бойынша бөлінген бос орындар шегінде Республикалық комиссия шешімімен Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында білім алу гранты келесі үміткерлерге тағайындалады:

  • кешенді тестілеу бойынша неғұрлым жоғары балл (макс. балл – 1300 б.) жинаған үміткерлерге беріледі;
  • кешенді тестілеу бойынша жалпы балл саны тең болған жағдайда, басымдық «Математика» бөлімінен жоғары балл (макс. балл – 400 б.) жинаған үміткерлерге беріледі;
  • үміткерлердің «Математика» бөлімі бойынша балл саны тең болған жағдайда, басымдық «Сандық сипаттамалар» бөлімінен жоғары балл (макс. балл – 300 б.) жинаған үміткерлерге беріледі;
  • үміткерлердің «Сандық сипаттамалар» бөлімі бойынша балл саны тең болған жағдайда, оқыту тілі (бірінші тіл) бойынша неғұрлым жоғары балл (макс. балл – 200 б.) жинаған үміткерлерге басымдық беріледі.
Алдын ала брондау рәсімі қалай жүргізіледі?

Онлайн брондау үшін:

  1. Зияткерлік мектептің веб-сайтын ашу (веб-сайттардың тізімі төменде көрсетілген);
  2. «Үміткерлерге» / «Конкурстық іріктеу» бөліміне кіру;
  3. «Қабылдау комиссиясына арнайы кезекті брондау» қосымшасын ашу;
  4. Ашылған терезе арқылы күнтізбеде құжат тапсыру үшін мектепке келу күні мен уақытын таңдау;
  5. Өзіңіздің байланыс деректеріңізді көрсету;
  6. Брондауды растау;
  7. Барлық бөлімдер толтырылып, бронь жасалғаннан кейін Сіз көрсеткен электрондық поштаға брондаудың расталғаны туралы хабарлама келеді.