ТҮЛЕКТЕР АЛЛЕЯСЫ ЖӘНЕ РАУШАН ГҮЛІ

 

Қостанайдағы NIS-те үлкен өмірге қадам басу – түлектер аллеясын көгалдандырудан басталады деген игі дәстүр қалыптасқан. Болашақ түлектердің жыл сайынғы дәстүрлі мектепті абаттандыруда «Гүлдене бер, мектебім!» акциясымен жалғасты.

Өмірде әрбір адам үш маңызды нәрсені істеуі керек: үй салу, ағаш отырғызу, бала тәрбиелеу. Осы қарапайым шындықтардан өмірдің негізгі философиясы басталады.

Сыртқы жиынтық бағалау емтихандарын тапсыру кезеңі өтті. 69 түлегіміз қорытынды нәтижелерін күтіп, мектепті бітіргені туралы аттестат алу қарсаңында ата-аналарымен бірге жыл сайынғы акцияға атсалысты. Олар өз мектебінің қабырғасында өткен жылдарды еске алып, 300-ден астам раушан гүлін отырғызды. Оқу бітіргелі отырған оқушыларымыздың ата-аналары раушан гүлдерін мектепке сыйлық ретінде тарту етті.

–        Бүгін біз «Гүлдене бер, мектебім!» акциясына атсалыстық. Бұл арқылы біз 2023 жылдың түлектері мен олардың ата-аналары атынан мектепке деген алғысымызды білдіреміз. Осындай акциялардың арқасында біздің мектебіміз жылдан жылға гүлденіп, түлектерден қалған естелікті мәңгілікке сақтайды деген ойдамыз, – дейді 12 «А» сынып оқушысы Диляра Алембаева.

– Бүгін біз өміріміздегі ең маңызды мектеп емтихандарының бірін жазып бітірдік, дәл осы күнде мектебімізде «Гүлдене бер, мектебім!» акциясы өтуде. Экологиялық қозғалыстың өкілі ретінде мен бұл акцияға өте ризамын, себебі біз мектепке деген ризашылығымызды, сүйіспеншілігімізді білдіргіміз келеді. Мектептің аумағында біз отырғызған гүлдер жайқалып жыл сайын мұғалімдерімізге бізді еске салады деген ойдамыз. Үлкен рахмет! – деп бөліседі 12 «С» сынып оқушысы Дильназ Мурзабекова.