«Дәмді асхана» үйірмесі

Егеменді еліміздің тірегі – білімді ұрпақ. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры болмақ. Әлем елдерінде қазіргі қоғамның талабына сәйкес келетін ұрпақ, өз дәлел уәждерін сенімді жеткізе алатын адам тәрбиелеу басты назарға алынып отыр. Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясының бағдарламасында «Барлық халықтардың өсіп өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуы, елдің денсаулығын жақсартумен бірге, тәуелсіз мемлекетімізге еңбекқор, өз кәсібін терең түсінетін,  білімі мен іскерлігін жан-жақты қолдана білетін мамандар, экономикамызды гүлдендіретін кәсіпкерлер қажет» делінген. Кәсіпкерліктің бір түрі саналатын – асхана бизнесі. Соған орай жатақханамызда «Дәмді асхана»  үйірмесі жұмыс жасайды. «Дәмді асхана» үйірмесінде – еңбек етудің алғышарттарын үйрену арқылы оқушыны жеке тұлға ретінде тәрбиелеу мақсаты көзделеді. Осы мақсатта мұғалім оқушыларға берілетін тәлім-тәрбие үрдісін жетілдіру, жұмыс мәдениетін, адамдар арасындағы адамгершілік қарым-қатынастарды жаңарту, еңбек біліктілігін қалыптастыру арқылы еңбек өнімділігін арттыруға ынталандыру міндеттерін жүзеге асырады.Үйірме барысында оқушылар қолдан тамақ жасауға үлкен қызығушылық танытады. Соның ішінде қамырдың бірнеше түрін, бәліштердің алуан түрлері мен сусындардың сан  түрімен танысады, жасаған өнімдерінің дәмін татады. Аздаған уақыт ішінде дастархан жасау үлгісін, банан қосылған ірімшікті бәліш, қатпарлы самса жасап үлгерді.Осы тұста балалардың шығармашылық қабілетін ашу, қызығушылығын арттыру үшін мектептерде үйірме жұмыстарын жүргізу өте тиімді деп ойлаймын.

Осы үйірме арқылы  оқушыларды өнерге баулып, эстетикалық талғамын дамытып, қабілеттерін арттырып, іскерлік дағдыларын қалыптастыру жолында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Менің ізденістерім – жаңа технологияларды қолданып, әлем тағамдары мен сусындарын,  қазақ халқының ұлттық тағамдарын  әзірлеу. «Дәмді асхана » үйірмесіне қызығушылық танытып жүрген оқушылар көп.

Біздің басты міндетіміз жаңа заман ғылымының мол жетістіктерімен қаруланған, мәдени дүние танымы, көзқарасы қалыптасқан  бәсекеге қабілетті маман жастарды тәрбиелеу. Шәкірттерімнің әлі талай жетістіктерге жетіп, шығармашылық шыңынан көрінеріне сенімдімін.